Шаңырағым шайқалмасын десеңіз
Шаңырақ көтеріп, отбасы құрған соң қалай да ерлі-зайыптылардың әр екеуі де үлкен жауапкершілік арқалайтыны ақиқат. Шырын махаббат, шынайы сыйластық қана иықтан жаншыған тұрмыстық салмақты жеңілдетіп, ұмыттырып жібереді. Ал психологтар шаңырақтың шайқалмауы үшін екі жаққа да келелі кеңестер ұсынады:
Ерлерге:
Өз жауапкершілігіңізді қанық сезіне біліңіз.
Жұбайыңыздың жан-дүниесін тереңірек түсінуге тырысыңыз. Әйеліңіздің көңіл-күйін қабағынан тани біліңіз.
Үйде көбірек болуға дағдыланыңыз.
Түсініспеушілік себебінен керіс басталғанда, көбінде көңілді кеңге салған еркектер ғана «жеңімпаз».
Әйеліңіздің айтқан әңгімесін бар зейін-зердеңізбен тыңдаңыз.
Оның жасаған тамағын, істеген істерін мақтап отыру екеуіңізді де қуанышқа бөлейді.
Мереке күндері сауға ұсынуды ұмытпаңыз. Оның нені ұнататынын біліп алғаныңыз абзал.
Бала тек әйеліңіздікі ғана емес, оны бағып-қағу борышынан бас тартпаңыз. Бала бағуда оған көмектесе біліңіз.
Дүкен аралау ерлерге оңайға соқпайтыны белгілі. Бірақ әйелдер үшін күйеуімен бірге дүкен аралау өте бақытты шақтардың бірі есептеледі.